Үкімет қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін 16%-ға дейін арттыру мүмкіндігін қарастыруда. Бұл шешім бизнес өкілдері, әсіресе табысы төмен салаларда жұмыс істейтін кәсіпкерлер арасында қызу талқылануда. Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының мүшесі, Mimioriki және Global Nomads брендтерінің негізін қалаушы Инна Апенконың айтуынша, мұндай қадам дағдарыста тұрған салаға ауыр соққы.

«САЛАНЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖОЮЫ МҮМКІН»

Инна Апенко Үкіметтің соңғы бастамалары жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлерді алаңдатып отырғанын назарға салды. «Ел азаматы әрі кәсіпкер ретінде қосымша құн салығын өсіру бастамасын біздің саланы құрдымға кетірудің жолы ретінде қабылдаймын. Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі қашан да қиындықтары көп сала, ал енді бұл бастама саланы түбегейлі жоюы мүмкін», – деді ол Exclusive.kz порталына берген сұхбатында.

Инна Апенконың айтуынша, қазірдің өзінде көптеген кәсіпорын жабылып, ал олардың қызметкерлері жұмыссыз қалуда. Одан бөлек, «Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлерінің 80%-ын әйелдер құрайды.  Бұл әлеуметтік мәселе. Бір сөзбен айтқанда, әйел өкпелі болғаннан қиын жағдай жоқ…», – дейді ол.

БАСТЫ ТҮЙІТКІЛ – ШИКІЗАТ ПЕН САЛЫҚ ЖҮКТЕМЕСІ

Саланың басты түйіткілдерінің бірі – импорттық шикізатқа тәуелділік және салық жүктемесі. «Біз елге кіргеннен бастап 15-20% кедендік баж салығына тап боламыз, ал шетелдік бәсекелестерде мұндай шығындар жоқ. Қазақстандық тұтынушылар отандық өнімнің бағасы арзандайды деген үмітте, бірақ өзіндік құнды төмендетуге жағдай  жасалмай отыр», – деп түсіндірді кәсіпкер.

Сондай-ақ, елдегі киім нарығының шамамен 60%-ын қамтитын карго арқылы келетін заңсыз импорт мәселені одан әрі күрделендіре түскен. «Егер мемлекетке салық түсімдері жетпей жатса, салық төлеп отырған кәсіпкерлерге жүктемені арттыру арқылы емес, бұл мәселені көлеңкелі импортпен күресу арқылы шешкен дұрыс болар еді. Қазақстанда кәсіпорындардың небәрі 6%-ы қосымша құн салығын төлейді, қалған 94%-ы салық төлемеудің амалын табады. Қарап отырсақ, біз сияқты адал салық төлеушілер қатарындағылар одан да көп ауыртпалықты көтеруге мәжбүр», – дейді Инна Апенко.

ӨНДІРІСТІ БАСҚА ЕЛГЕ КӨШІРУ ТИІМДІРЕК СЫҢАЙЛЫ

«Бұл бастамадан кейін ел ішінде өндірісті жолға қоюға ынта аз. Керісінше, зауытты жауып, бизнесті қолдайтын елге көшіру өндірісті тиімдірек сыңайлы. Басқа елдерде өндірушілерге салықтық жеңілдіктер, тегін жер телімдері, экспорттаушыларды мемлекеттік қолдау сынды қолайлы жағдайлар жасалады. Егер мені тура мағынасында елден кетуге мәжбүрлесе, неге осында қалуым керек? деген сұрақтың туындауы да орынды», – дейді кәсіпкер.

 БИЗНЕСКЕ ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

Жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдері салық жүктемесін азайтып, саладағы кәсіпкерлерді  қосымша құн салығынан бес жылға уақытша босату жайлы ұсынысты  соңғы 10 жылда көтеріп келеді. Бұл инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берер еді. «Инвестиция жасау үшін қолайлы жағдай қажет. Алайда бізде керісінше үрдісті байқап отырмыз. Мемлекет қолдаудың орнына жаңа кедергілер енгізуде», – дейді Инна Апенко.

Жеңіл өнеркәсіп – бұл жоғары біліктілік пен күнделікті еңбекті талап ететін күрделі бизнес. «Біз әлемдік брендтермен бәсекеге түсе отырып, тұтынушыға өнім жасаймыз, алайда қолдаудың орнына жаңа қиындықтарға тап боламыз. Қосымша құн салығын арттыру – біздің саланы құрдымға апаратын соққы», – дейді  Инна Апенко.

Қазақстанның бизнес-қауымдастығы билікті салыққа қатысты бастаманы қайта қарауға және отандық өндірістің шынайы жағдайын ескеруге шақырады. Өйткені сала қолдаусыз қалса, ел экономикасы өңдеу өнеркәсібі сынды маңызды саладан айырылып, мыңдаған адам жұмыссыз қалуы әбден мүмкін екенін назарға салады.