Советтік жоспарлы экономика күйрегенде советтік өнеркәсіп ошақтарының тоқтауы заңдылық. Бірақ мүлдем жоғалған салалар бар. Бұл енді «заңдылық» деп үндемей қоя салатын дүние емес. Мысалы, мақта-мата өнімдері, тоқыма өнеркәсібі. Әріптесім Ришат Асқарбекұлы Алматы мақта – мата комбинатында 33 жыл жұмыс істеген Зейнехан апаймен тілдескен. Оның қазір немен айналысатыны жайлы, қарапайым ғана шыт көйлек шығара алмай отырған түріміз туралы материалы.
– Мынау біз істеген бірінші фабрика болатын. Қазір жанынан өткенде ішім ашиды. Бұрынғы кездерімізді еске аламыз, қыздармен жиналғанда. Қандай коллектив болып еді, цехтар. Соның бәрі еске түссе, ішің ашиды. Әрине олар жоқ қазір, бәрі сауда үйлері болып кетті.
Кезінде Алматы мақта-мата комбинатында 8 мың адам жұмыс істеген. Соның бірі Зейнехан Қазанғапова бойжеткен шағында Алматыға арман қуып келген. АХБК-ның қайнаған ортасында жайнаған 33 жылын өткізген. Ол 2005 жылы фабрика түпкілікті жабылған соң ғана саудаға шыққан.
Зейнехан Қазанғапова – Алматы қаласының тұрғыны:
АХБК-ның затын ешкім іздеп келмейді ғой қазір. Жоқ болып кеткен соң, жоқ деп ойлайды. Шынында осы «Орбита»-да сатылады. Тіпті маған Ресейден келіп постельное бельены алып кетеді. Ерекшелігі жүз процент мақта.
Келмеске кеткен комбинаттың кейбір қондырғыларын кәдеге жаратып, сол технологиямен бұйымдар тігетін шағын цех қазір Шымкентте жұмыс істеп тұрған көрінеді. Зейнехан Қазанғапова «АХБК Алматы» деген белгісі бар өнімдерді іздеп келетін адамдар үшін арнайы сауда дүңгіршегін ашқан.
– Міне, көріп тұрсыз ғой, қазақстандық бірде бір өнім жоқ, Маталардың барлығын шетелден, Өзбекстан, Дубай, Прибалтикадан, мынаны Белоруссиядан әкелдім.
Ал Ұлдана Қазақбаева төрт жыл бұрын тапсырыспен киім тігетін цех ашқан. Ательеде 8 адамға жұмыс беріп отыр. Кәсіпкердің таныстары, қалыптасып қалған тұтынушылары іздеп келіп, киім тіктіреді. Бірақ өнімдері арзан емес. Оның себебі біреу – шикізат шетелдікі. Қарапайым түйме мен жіпті де шекараның арғы жағына тапсырыспен алдыртады.
Ұлдана Қазақбаева – жеке ателье иесі:
Көйлек тігіу үшін бір замокты 5 мың теңгеге сатып аламыз, мысалы. Әр түймені кем дегенде 700 теңгеге аламыз. Бесеуін қосқанда 3 мың, 4 мың теңгеге шығады. Мата. Жақсы мата болса 100 мыңға барады.
Шетелден дайын өнімді әкеліп саудалап жүрген Биғайша Әмитованы да қиналмай жүр деп айту қиын. Алғашқыдай емес, сауданың да берекесі кеткен, дейді ол. Алыс шетелдерден киім-кешек әкеліп сату тиімсіз. Бұл нарықты да қазір ритейлерлер жаулап алған. Орта тапқа жататын адамдар ірі ойын-сауық орталықтарындағы дүкендерден киінеді. Ал қарапайым тұтынушының қалтасына салмақ салмайтын өнім Қырғызстан мен Қытайдан әкелініп жатыр.
Биғайша Әмитова, базар саудагері:
Қазір біз Түркияның заттарын онша әкелмейміз. Себебі ол келем дегенше, растоможкасымен қымбатқа шығып кетеді. Доллар көтеріліп кетті. Сатқанда бағасы қымбат. Өткізе алмаймын. Ең қол жетімді – Бішкек, Қытай – Пекин.
Көшедегі адамдар:
– Қазақстандық өнімдерді көп байқамаймын. Барахолкаға барғанда, көбіне түрік киімдері сатылып жатады. Соны сатып аламын.
– Қазақстанның киімдері жоқ қой негізі. Амал жоқ, Алматыда қытайдың киімі толып тұр ғой. Алып кие береміз соны. Турция деп алдап қояды, бірақ қытай ғой.
– Қырғызстан басып алған. Қазір біздің өндіріс жоқ, неге олай деп ойланамын. Бізде бәрі бар ғой. Продуктыға дейін сол жақтан келеді. Арзан.
– Пять миллионов кыргызы одевают 18 млн-ов казахов. Они даже захватили 5 процентов российского рынка…
Халық аузында мысқылмен айтылатын бұл сөзді Қазақстан жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басшысы Любовь Худова да қайталауға мәжбүр. Қырғызстанда ішкі жалпы өнімнің 30 пайызын жеңіл өнеркәсіп беріп отыр, ал Қазақстанда ол 0,03 пайыз. Бұл ресми дерек. Соңғы бірнеше жылда жеңіл өнеркәсіп ішкі қажеттіліктің тек 10 пайызын өтесе, қалған 90 пайызы сырттан келетін өнімдердің үлесінде.
– Оны мына сандардан да байқауға болады. Қазақстанда 2016 жылы белсенді жұмыс істеп тұрған жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының саны 27 пайызға бірден қысқарған. Соның ішінде тоқыма өнімдерін тігетін 12 кәсіпорын жабылып қалыпты. Одан тыс киім-кешек тігетін отандық мекемелердің тағы 8-інің есігіне құлып ілінген. Тері өнімдерін жасайтындар қатары 1 фабрикаға кеміген.
Любовь Худова – Қазақстан жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының төрайымы:
Біздің елде шикізат көзі жеткілікті. Жеңіл өнеркәсіп үшін қажетті мақта, жүн және тері де бар. Бірақ оны өңдейтін фабрикалар әлі салынған жоқ. Шикізат түкке тұрмайтын қаржыға, арзан күйінде сыртқа сатылып жатыр. Қырғызстан 2004 жылы, Белоруссия 2005 жылы, ал Ресей 2015 жылдан бері киім-кешек тігуге қажетті шикізатты сыртқы нарыққа сатуға тыйым салды. Ал Қазақстан үкіметі әлі мүлгіп отыр. Ішкі нарықта бар шикізатымыздың 14 пайызын ғана өңдейміз. Қалғаны шетел асып жатыр.
Мұны экономикалық қауіпсіздігімізге төніп отырған үлкен қауіп дейді, қауымдастық төрайымы. Әлемдік тәжірибеде сырттан келетін экономикалық экспансияға төтеп беру үшін жеңіл өнеркәсіптің үлесі 30 пайыздан кем болмауы тиіс. Оның үстіне бұл саланы тұншықтырып отырған – контрабандалық тауар тасымалы. Қазақстан осы мәселені де қанша жылдан бері шеше алмай келеді. Қытай, Түркия және қасымыздағы Қырғызстаннан көлеңкелі жолмен кіретін дайын киім-кешек пен текстиль отандық өндірісті қыспаққа алып отыр. Енді бұл тізімге Өзбекстан қосылды.
Любовь Худова – Қазақстан жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының төрайымы:
Қырғызстанда жасалды деп сатылып жатқан өнімдердің тең жартысы бізге астыртын жолмен жеткізіледі. Маркасы өзгертіліп, өтірік этикета жапсырылған өнімдер қазір қара базарда да, халыққа танымал сауда орталқтарында да сатылып жатыр. Қытай мен Қырғызстан арасында еркін экономикалық аймақ құрылған. Ол жақтан Бішкекке жеткізіп, біздің елде «Қырғызстандікі» деп сатылады.
Техникалық регламентке сай емес импорттың ағылуына тосқауыл қоятын кәсіпорын елімізде біреу-ақ. Талғар қаласында 11 жылдан бері жұмыс істеп тұрған ерлердің классикалық костюм-шалбарын тігетін фабрика. Сырттан ағылған тауарларға қарамастан кәсіпорын өнімдері, оның ішінде мектеп формасы жоғары сұранысқа ие болып отырғаны көңілге медеу.
Әлібек Абдулла – киім фабрикасының технологы:
Алғашқы отандық өнімдердің бірі болып саналады, осы Гласман. Отандық өнім болған соң біздің өнімнің басқалардан айырмашылығы – қолжетімді. Бірақ жұмыспен қамтамасыз ету қымбат, мамандар жетіспейді. Мата шығаратын жер жоқ, тапсырыспен матаны шетелден келгендіктен, қымбат болып келеді.
Сонымен бірге мемлекеттік тапсырысқа тәуелді орта және шағын кәсіпорындар баршылық. Өзіміздің шикізаттан дайын мата тоқу үшін оңтүстікте үш фабрика ашылған болатын. Бірақ «Ютекс», «Меланж», «Азала» сияқты Түркістан облысының дихандарын қуантқан осы өндіріс орындарының екеуі жабылып қалған. Қазір республикада мақта-мата өндірісінде де жалғыз кәсіпорын қалып отыр. Ақиқатын айтқанда, бұл адал бәсекелестікті емес, саланы монополияға айналдыруды ойлаған ірі ойыншылардың әрекеті, дейді сарапшылар.
Ришат Асқарбекұлы – тілші:
Сол сияқты кілем тоқитын ірі кәсіпорын да сол Шымкентте жұмыс істеп тұр. «Балтекстиль» деген атпен танымал өндіріс орны жіпті Түркиядан әкеліп, өнім шығарып жатыр. Ал Алматыдағы әйгілі АХБК-ны айтпағанда, тағы бір дүркіреп тұрған фабрика – «Алматы кілем» осы жерде орналасқан еді. Көріп тұрғандарыңыздай, 1936 жылы ашылған комбинат қазір көптеген сауда орталығының біріне айналған. Жеңістің құрметіне 1945 жылы гобелень тоқуға Мәскеуден тікелей тапсырыс алған тарихи орында қазір жылтыраған шетелдің өнімдері саудаланып жатыр.
Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт»
Источник: http://astanatv.kz/kz/news/21428/
поделиться в соц сетях:
[SvenSoftSocialShareButtons]