фото Forbes.kz
ADILI — қазақтың ұлттық өрнектерімен көмкерілген аксессуарлар, киім және тұрмыстық қажеттілік өнімдерін іздеген қазақстандықтардың жүрегін жаулап алған отандық бренд. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының мүшесі атанған бұл компанияны 2010 жылы әпкелі-сіңлілі Индира мен Әсел Адил құрған.
Бірегей бренд құру идеясы Әселге Ұлыбританияда оқып жүргенде келген. Сол уақытта ол достарына Қазақстан туралы елдің болмысын сездіретін заттар арқылы айтып бергісі келген.
«Қазақстанға қайтып келгенде, Индира осы істі бастауды ұсынды. Біз бұл өнімдерді Қазақстанда өндіруді қалап едік, бірақ ол кезде фабрикалық сапа болмады, негізінен отандық нарықта қолдан жасалған өнімдер басым болды. Сондықтан аутсорсинг арқылы шетелдік компаниялармен жұмыс істей бастадық. Кейін өз өндірісімізді құрдық», — деді Әсел Адил Forbes Kazakhstan-ның YouTube жобасына берген сұхбатында.
Бренд құрылған уақытта Қазақстанда ел мәдениетін ашып көрсетер сәнді әрі сапалы фабрикалық бұйымдар кемде-кем кез болатын. Апалы-сіңлілілер іске қосқан бренд өндірісті біртіндеп дамытып, дамудың әр кезеңінде мол тәжірибе жинай түскен.
фото manshuq.com
«Бастапқыда барлығы хобби ретінде басталды. Алғашқы авторлық принтпен жасалған орамалдарымыз күтпеген жаңашылдыққа айналды. Бала алғашқы қадамын еш қорқынышсыз басатындай, аса қызығушылықпен бұл идеяны бастап кеттік. Барлығы бізге қызық болды. Мақсатымызда миллиондап табыс табу болған жоқ», — дейді Индира.
Алғашқы жылдары әпкелі-сіңлі Әсел мен Индира қажетті сапада өнім шығара алатын фабрикалардың жоқтығы сынды үлкен мәселеге тап болған. Ел нарығында хэндмейд басым, ал нарыққа шығу үшін бірегей кәсіби тәсіл қажет. Осы себепті отандық брендтің негізін қалаушылар аутсорсинг моделін таңдап, шетелдік өндірушілермен жұмыс бастаған, бұл оларға тауар шығаруда жоғары стандарттарды сақтау мүмкіндігін берген. Кейіннен ADILI бренді өзінің өндірісін іске қосқан.
ADILI тек табиғи материалдармен жұмыс істейтін бренд. Мысалы, алғашқы өнімдер – үйге арналған тұрмыстық бұйымдары Шымкент мақтасынан тігілген. Алайда уақыт өте кәсіпкерлер мата тапшылығын сезіне бастайды.
«Қазақстанда мата жоқ – бұл жасырын емес. Біз бастапқыда өзімізді табиғи матамен жұмыс істейтін бренд ретінде таныстырдық. Адамға киім киген кезде жайлылық сезімін сыйлағымыз келді», — дейді Индира.
фото manshuq.com
Сондықтан ADILI бренді шетелдік жеткізушілермен жұмыс істей бастайды, бірақ дизайн, өрнек, палитра мен өнімнің бөлшектері арқылы тауарларында қазақи болмысты сақтайды.
ADILI – өз өнімдерінде ұлттық нақышты қолданып қана қоймай, оларға жаңаша сипат беретін бренд. Отандық брендтің өнімдері көпке танымал әрі заманауи қолданысқа бейімделген. Бұл бұйымдар — ұлттық болмысты сақтай отырып, өзін әлемнің бір бөлшегі ретінде сезінгісі келетін талғампаз тұтынушыларға арналған.
ADILI брендінің негізін қалаушы — Индира мен Әсел Әділдің толық сұхбатын Forbes Kazakhstan-ның YouTube арнасынан тамашалай аласыздар.