Қазақстан Республикасының Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының қауымдастығы жаңа Салық кодексіне қатысты бірқатар ұсыныс дайындады. Парламент өкілдері тарапынан жеңіл өнеркәсіптің жағдайы ескеріліп, саланың өзекті мәселелерін талқылайтын жеке кеңес өткізетініне қауымдастық мүшелері үміт артып отыр. Бұл кеңес 21 қосалқы саланы біріктіріп отырған еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласы жайлы толық ақпарат алу үшін аса маңызды деп санаймыз.
Саланың қазіргі жағдайы мен түйіткілді мәселелері
Жеңіл өнеркәсіп азық-түлік саласынан кейінгі халық ең көп тұтынатын өнім беретін бірден-бір маңызды сала. Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласында 17 мыңнан астам адам жұмыс істейді, алайда саланың дамуын бірқатар факторлар тежеп отыр. Салдарынан жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық кәсіпорындар ішкі нарықтың тек 5-8%-ын ғана қамтамасыз етуде.
- Импорттық тауарлар. Нарықтағы өнімдердің көпшілігі ҚҚС (Қосылған құн салығы) мен кедендік төлемдерді төлемей, «Карго» схемасы арқылы елге сырттан әкелінуде. Бұл өз кезегінде отандық өндірушілерге бәсеке теңсіздігін туындатып отыр.
- Салық пен әлеуметтік төлемдер көлемінің жоғары болуы. Қазақстандағы тауар өндірісі көрші елдерге қарағанда қымбатқа түсуде, бұл отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін төмендетіп отыр. Әлеуметтік төлемдер мен салықтар кәсіпорындардың қаржылық жағдайына ауыртпалық түсіруде.
- Шикізат тапшылығы. Қазақстанда мата, жіп, фурнитура өндірісі жолға қойылмаған. Бүгінде өндірушілер бұл материалдарды шетелден сатып алуда. Сәйкесінше, өндірушілер бұл тауарларға ҚҚС төлейді, бұл дайын өнімнің өзіндік құнын арттыруға әкеліп отыр.
- Отандық дистрибьюторлардың жоқтығы және бөлшек сауда орындары бағасының қымбат болуы отандық өндірушілердің нарыққа шығуын қиындатып отыр.
- Жеңіл өнеркәсіптегі технологиялық циклдың ұзақтығы (6-9 ай), бұл өндіріс үшін ұзақ мерзімді және арзан айналым қаражатын қажет етеді.
Халықаралық тәжірибе: Әлемнің көптеген елдерінде жеңіл өнеркәсіптің әлеуметтік-экономикалық маңыздылығына ерекше көңіл бөлінеді. Мысалы, Қазақстанның негізгі серіктестері болып саналатын Қытай, Түркия, Ресей және Қырғызстан елдерінде жеңіл өнеркәсіп саласына салықтық жеңілдіктер қарастырылған әрі бұл елдер мемлекеттік қолдаудың басқа шаралары арқылы саланы дамытып отыр. Айта кетейік, жеңіл өнеркәсіп саласында әсіресе әйелдерді жұмыспен қамтитын сала.
Жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының жаңа Салық кодексіне қатысты негізгі ұсыныстары
- Салық салуды технологиялық процестің ұзақтығына қарай саралау. Өндіріс процесі неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым салық мөлшерлемесі де төмен болуы керек, ал өндіріс процесі қысқа болса, салық мөлшерлемесі соншалықты жоғары болуы тиіс. Бұл шара өндірісті ынталандыруға көмек болары сөзсіз.
- Қаражатты жабдыққа инвестиция ретінде қолданған жағдайда Корпоративтік табыс салығын (КТС) 5 жылға 100%-ға төмендету.
- Отандық өндіріс тауарларын сату кезінде жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын 5 жылға ҚҚС босату (мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органның келісімі бойынша өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру саласындағы уәкілетті орган бекітетін тізім бойынша).
- Жеңіл өнеркәсіп саласындағы шағын бизнеске қосымша құн салығының (ҚҚС) шекті көлемін 500 млн теңгеге дейін ұлғайту (қазіргі ұсынылған 15 млн теңгенің орнына).
Бұл ұсыныстар отандық жеңіл өнеркәсіп тауарларының бағасын төмендетуге, ішкі нарықтағы отандық тауарлардың үлесін арттыруға, бизнесті жаңа инвестициялық жобаларға ынталандыруға, жеңіл өнеркәсіп саласындағы жалақы деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.
Қосымша ұсыныстар:
- Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ОКЭД) тізімін арнайы салық режиміне енгізу (тізім қосымша ұсынылған).
- Импортты алмастыруға бағытталған қолдау құралдарын дамыту, соның ішінде мектептер, балабақшалар, медициналық және қауіпсіздік мекемелерге мемлекеттік тапсырыстарды енгізу. Ол үшін отандық тауар өндірушілерге арналған импорт алмастыру нарықтарын дамыту құзіретін қосу мақсатында мемлекеттік органдар туралы ережелерге (және әкімдіктердің) өзгертулер енгізу қажет.
- Өңірлік мектептер мен балабақшалардың отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді серіктестігін жолға қою.
Қазіргі кезде мемлекеттік деңгейде Қазақстан жеңіл өнеркәсібінің мүддесін қолдайтын ықпалды әрі мықты лобби болмай отыр, саланың дамуы тұралап тұр. Ал мемлекет жыл сайын «тігінші» мамандығы бойынша мыңдаған жұмыссыз азаматты оқытуға орасан қаржы жұмсауда. Алайда, жеңіл өнеркәсіп саласын қолдайтын тиімді шаралар көзделген жүйелі әдіс-тәсілдер қабылданбаса, жеңіл өнеркәсіп өзінің бәсекеге қабілеттілігін әрі қарай да жоғалта түседі. Сәйкесінше, маман дайындауға салынған мемлекеттік инвестиция күткен нәтиже бермесі сөзсіз. Сондықтан салық демалысы мен қолайлы салық мөлшерлемелері сынды қолдау түрлерін қарастыра отырып, жеңіл өнеркәсібі саласын дамытуға бағытталған сындарлы әрі теңдестірілген тәсілдерді қабылдайтын кез келді деп санаймыз.