ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП ЖАРҚАБАҚТА ТҰР

Республиканың жалпы ішкі өнімінде (ЖІӨ) 1990 жылдары жеңіл өнеркәсіптің үлесі 15 пайызды құрады. Соның нәтижесінде Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі КСРО-да ЖІӨнің 4 пайызын берген еді. Соңғы 30 жылда жеңіл өнеркәсіп алға басудың орнына кері кетіп, бұл саланың республиканың ЖІӨ-дегі үлесі 1 пайызға да жетпей қалды.

Бұрын 200 мыңнан астам адам еңбек еткен жеңіл өнеркәсіпте қазір ресми статистика бойынша 13 мың адам қалды. Ал оның нақты жұмыс істейтіні 9,5 мың ғана. Ресми статистиканың шынайы өмірмен сәйкес келмейтіні туралы ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы президенті Любовь Худова: «статистикалық деректерде 2020 жылы 8 558,7 мың жұп аяқ киім өндірілгені және өсім 6,4 есе құрағаны көрсетілген. Алайда іс жүзінде – 1401,9 мың жұп аяқ киім өндірілді. Сондай-ақ киім өндірісі де қатты төмендеді. Саладағы көлеңкелі экономиканың көлемі жылына 1,5 млрд долларды құрауда», – дейді. Ал «Қазлегпром Алматы» ЖШСнің өндіріс бойынша директоры Марат Оспановтың сөзіне қарағанда, соңғы 10 жылда Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп бойынша бірнеше бағдарламалық құжат қабылданды. Оның 2010–2014 жылдарға арналған біреуі ғана мемлекеттік. Өзге уақытта жалпы бизнеске қатысты кешенді шара немесе жол картасы қабылданды. Өкінішке қарай бұл жол карталарының жеңіл өнеркәсіпке ешқандай тиімділігі болмады. Сондықтан былтыр ол мәселе Парламент Сенатының деңгейінде қаралды. Сенаторлар кәсіпорындарды аралап, жан-жақты талдау жасап Үкіметке 90-нан астам тапсырма берді. Оның есебі желтоқсанда тыңдалды. Оған қанағаттанбаған депутаттар есепті қайта өткізуге шешім қабылдаған болатын. Биыл 2 сәуірде «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: қазіргі жай-күйі және өнімділігі жоғары бизнесті дамыту перспективалары» деген тақырыпта өткен екінші парламенттік тыңдауда тапсырманың 50-ден астамы мүлде орындалмағаны, ал қалғаны формальды түрде ғана орындалғаны анықталды. Яғни, мемлекет тарапынан алдағы 5 жылда нақты қолдау жасалмаса елімізде жеңіл өнеркәсіп мүлде құрдымға кетіп, одан кейін оған қолдаудың мүлдем қажеті болмай қалуы мүмкін. Өйткені, жеңіл өнеркәсіптің әлеуметтік сипаты басым. Онда қызмет жасайтын адамдардың 80 пайыздан астамы әйелдер.

Үкіметке Парламенттің сөзі өтпей ме?
2019 жылы 26 маусымда бір топ сенатор Премьер-Министр А. Маминге жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек ететін сайлаушылармен кездесулерде көтерілген мәселелер бойынша депутаттық сауал жолдаған болатын. Жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселелері Үкіметтің бақылауында екені атап өтілгенімен, ол сенаторларды да, жеңіл өнеркәсіп саласында еңбек ететін сайлаушыларды да қанағаттандыра қойған жоқ. Еске сала кететін болсақ 2020 жылы 6 наурыздағы Парламенттік тыңдауда Сенат төрағасы Д.Назарбаева: «Мен бәсеке тым күшті, жарысқа түсудің еш мағынасы жоқ, ал күш-жігерімізді анағұрлым болашағы бар салаларға жұмсау керек деген пікірді талай естідім. Шын мәнісінде осылай ма? Бірден ұлттық жеңіл өнеркәсіптен бас тартып, импортқа, яғни шетелдік өндірушілердің еркіне жығыла салған орынды ма? Ол қадамның дұрыс емес екеніне сенімдімін», – деген еді. 2021 жылдың 18 ақпанында Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының және Қазақстан халық партиясының мүшелері Премьер-Министрге жеңіл
өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдауға қатысты кезекті депутаттық сауалдарын жолдады. Оған 1 сәуірде Үкімет басшысы жауап бергендей болды.
Онда Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақтағы Қазақстанның міндеттемелері туралы айтылған. Алайда, Дүниежүзілік сауда ұйымы мен Еуразиялық экономикалық одақ өз міндеттемелеріне қарамастан, өзге елдердің ішкі нарығын қорғап қана қоймай, сыртқа нарыққа шығатын өз өндірушілеріне мемлекеттік қолдауды бұрынғыдан көбейтпесе азайтпағанын біліп, көріп отырса да естімеген-көрмеген кейіп танытып отырғаны отандық өндірушілерді еріксіз бас шайқатты. Мысалы, «GLASMAN» ЖШС директоры Анвар Хилажев: «квазимемлекеттік секторға жұмыс істейтін жеңіл өнеркәсіптегі аз кәсіпорынның бірі біз. Тұтыну нарығына жұмыс істейміз. Ондағы бағытымыздың бірі – мектеп формасы. Мемлекет әлі мектеп формасының міндеттілігін айқындаған жоқ. Республикада 3,2 млн оқушы бар. Отандық өндірушілер максимум 200 мың комплект дайындайды. Ал бұл нарық ең кемінде 48 млрд теңгені құрайды десек, ондағы отандық өндірушілер үлесі 3 пайыз, яғни 1,5 млрд теңге. Қалған ақша біздің жақын бәсекелестеріміз Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь елдерінің еншісінде», – деп отыр.

Сөз бен іс үйлеспейді
Үкімет жыл сайын уәдені үйіп-төккенімен, жеңіл өнеркәсіп өндірісі жыл өткен сайын ілгері жылжудың орнына кері кетуде. Атқарушы билік органдарының өз уәдесін орындауын талап етуге Парламент те дәрменсіз боп отыр. 2 сәуірде Сенатта «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі: қазіргі жай-күйі және өнімділігі жоғары бизнесті дамыту перспективалары» деген тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда Ұлттық экономика министрінің орынбасары Тимур Жақсылықов кәсіпкерлердің дағдарысқа қарсы мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асырып жатқанын жеткізді. Экономиканың ең көп зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнеске банк несиелерін жеңілдікпен қайта қаржыландыру тетігі де іске қосылғанын айтты. Ал Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрінің орынбасары Аманияз Ержанов: 2020 жылғы 4 наурыздағы тыңдау қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілген 69 ұсыным топтамасының 40%-дан астамы орындалғанын, қалғаны әзірленіп жатқан 2025 жылға дейінгі жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жол картасы жобасына енгізілгеніне сендірген. Алайда, жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары өкілдері атқарушы билік тағы өздерін де, заң шығарушы билік органдарын да сан соқтырып кеткенін нақты деректер арқылы көрсетіп берді. «Қазлегпром Алматы» ЖШС-нің өндіріс бойынша директоры Марат Оспановтың сөзіне қарағанда, қазір мемлекеттік органдармен емес, бизнес қоғамдастық бастамасы бойынша жеңіл өнеркәсіпті дамыту стратегиясы мен 2025 жылға дейінгі жеңіл өнеркәсіпті дамытудың жол картасы жасалды. Алайда Экономика министрлігі наурызда екі рет ескерту беріп, бизнес қауымдастық ұсынысының бірде-бірі қолдау таппаған. Экономика және қаржы министрліктері соңғы ескертпесінде тіпті 2 ай бұрын өздерімен келісілген ұсынысты да қолдамай отыр. Егер бұл мәселеде оң өзгеріс болмаса, олар енді Мемлекет басшысы мен ҚР Премьер-Министріне қолдаухатпен жүгінетіндерін жеткізді.

Жеңіл өнеркәсіп жайлы заң тұрмақ, түсінік жоқ
Әлем елдерінің тәжірибесіне көз жүгіртер болсақ, жеңіл өнеркесіп саласын дамыту үшін бірқатар мемлекеттер арнайы заң қабылдаған. Енді біреулері
оны мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырып отыр. – Тәуелсіздікке биыл 30 жыл толғалы отырса да, бізде әлі жеңіл өнеркәсіпке арналған заң да, мемлекеттік бағдарлама да жасалмай келе жатыр. Мұның бәрі айқын стратегиялық саясаттың жоқтығынан. Кеңес дәуірінде жеңіл өнеркәсіпте шикізатты дайындау, жинау, өндіріске жеткізу, өңдеу ісі толық жүйеленген еді. Біздің алдымызда ешқандай нақты мақсат болмағандықтан оның бәрінен айырылдық. Мәселен, жүннің 5 пайызы, ірі қара терісінің 9 пайызы ғана өзімізде өңделеді және мақтаның 70 пайызы сыртқа шығарылады. Ал ірі қара терісінің 90 пайызы, қой терісі толық 100 пайыз жинала ма, жойыла ма одан Ауыл шаруашылығы министрлігі де хабарсыз. Бізде агроөнеркәсіп кешені туралы заң бар. Онда жеңіл өнеркәсіп түсінігі де жоқ. Ал жеңіл өнеркәсіптің 20 шақты саласы бар. Егер заңда түсінік болмаса,
онда қандай жеңілдік болады. Арнайы заң шығару керек. Сосын мемлекеттік бағдарлама болуы қажет. Құзырлы министрлікте жеңіл өнеркәсіп мәселесімен айналысатын 3 кісі ғана бар. Кеңес дәуірінде Жеңіл-тамақ өнеркәсібі деген жеке министрлік болған. Қазір жеңіл өнеркәсіп бойынша елімізде 1200-дей кәсіпорын болғанымен, оның 35-і ғана орта және ірі де, қалғаны ұсақ. Сондықтан мұндағы салықтың 35 пайызы орта және ірі кәсіпорындардың үлесіне тиеді. Ал жеңіл өнеркәсіптен ел бюджетіне түсетін жалпы салықтың көлемі жылына 8-10 млрд теңге көлемінде ғана. Егер үкімет уақытша нақты салықтық жеңілдік беретін болса оны 5 жылда екі есе етіп қайтарып алуына толық негіз бар. Ал бұл өндірісті ғана емес, жұмыспен қамтылатын халықтың да үлесін еселеп арттыруға мүмкіндік береді, – дейді «Қазлегпром Алматы» ЖШС-нің өндіріс бойынша директоры
Марат Оспанов. Ұлттық қауіпсіздік нормасы бойынша белгіленген 10 пайыздық норманың қазақстандық тұтынушылардың жеңіл өнеркәсіп бұйымдарымен қамтамасыз етілуінде мүлде орындалмауы ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының ғана жанайқайы болмауы тиіс. Өз несібесін көлденең көк аттылармен бөлісуге мәжбүр болып отырған өндірісшілердің мәселесі ҚР Президенті, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі, ҚР Премьер-Министрі деңгейінде талқыланып, нақты шешім қабылданбаса, ел экономикасының қозғаушы күшінің біріне айналуға тиісті жеңіл өнеркәсіпсіз 2030 тұрмақ, 2050 жылы да әлемнің ең дамыған көшбасшы елдерінің қатарына қосылуымыз неғайбыл.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

 

 

 

 

поделиться в соц сетях:

 

 

 

 

Комментарии и уведомления в настоящее время закрыты..

Комментарии закрыты.